Мағжан – қазақ поэзиясының шоқтығы биік жұлдызы


2018 жылдың 19 маусымы күні Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында «Алашорда» ұлт-азаттық қозғалысының қайраткері, ақын Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған «Мағжан – қазақ поэзиясының шоқтығы биік жұлдызы» атты әдеби-сазды кеш болып өтті.
Іс-шараның мақсаты қала тұрғындары арасында «Алашорда» ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілі, ақын Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау және жастарда өз отанына деген сүйіспеншілігін ояту.
Әдеби кешке Теміртау қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері, Теміртау қаласы Ардагерлер Кеңесі мүшелері, «Теміртау қаласы халық бірлігі, дәстүр және ұрпақтар сабақтастығы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері және №15 қазақ мектеп-гимназиясының оқушылары қатысты.
Іс-шара барысында қатысушыларға Мағжан Жұмабаев туралы бейнебаян көрсетілді. Содан кейін Теміртау қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №6 кітапхана филиалы кітапханашысы Өмірбаева Данагүл Нуритденқызы «Алыстаған сайын биіктеген сеңгір», Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы Кетебаев Дәуірбек Бердашұлының «Мағжанның ақындық әлемі» тақырыбында баяндамалар жасады. Баяндамашылар іс-шара қатысушыларын қызықтырған сұрақтарға жауап берді.
Баяндамалардан соң спортшы, өнерпаз Айтжан Исхаков ақынның сөзіне жазылған «Аққұм» әнін нақышына келтіріп орындаса, №6 балалар бақшасының қызметкері Ғани Ахметұлы Есболов Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған арнауын оқып берді. Сондай-ақ, Теміртау қаласы ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ордабаев Бірлікбай Кемалұлы, «Магнитка» ансамблінің жетекшісі Құралай Шаймерденова, №15 қазақ мектеп гимназиясының оқушысы Берікбаев Дінмұхамед ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып жұртшылықтың ризашылығына бөленді.