Менің сүйікті қалам


Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының қызметкерлері 1 қазан күні Теміртау қаласының 74 жылдығына орай «Менің сүйікті қалам» атты викториналдық-танымдық экскурсия жүргізді.
Іс-шараның басты мақсаты жастарды, қала тұрғындарын туған қаласының тарихымен тереңірек таныстырып, қаламыздың қалыптасу жолын, Магнитканың салынуын ескі фото-шежіре арқылы саналарында жеткізу. Ел экономикасында өзіндік орны бар Теміртаудың қалай қалыптасқанын, жүз мыңдаған адамдардың қажыр-қайратымен ғана осындай алып Магнитканың тұрғызылғанын тарихи фотосуреттер арқылы түсіндіру.
Орталық қызметкерлері шаһардағы орталық көшелер арқылы жүріп өтіп, қала тұрғындарына викториналдық сұрақтар қойып, Теміртауға көрік беріп тұрған әр ғимараттың кешегі тарихына қатысты жасырылған суреттердің сырына үңіледі.
Экскурсиялық бағыт Республика даңғылы, Металлургтер даңғылы, Бейбітшілік гүлзары және Тұңғыш Президент саябағы аумағы бойынша жасалған. Шара барысында белсенділік танытқан қала тұрғындарына Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының көрме залдарымен тегін танысуға мүмкіндік беретін билеттер сыйға берілді.