«Мемлекеттік тіл – Қазақстан халықтарын біріктіретін тіл» атты диалог алаңы


Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы,«Теміртау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ және «Теміртау қаласының тілдерді дамыту орталығы» КММ биылғы Жастар жылына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастардың өз ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру, таза сөйлеуге үйрету, өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін арттыру, республикамыздың тіл саясатын жүзеге асыру, тілдерді, дәстүрлерді, әр түрлі ұлт өкілдерінің мәдени мұрасын, ұлтаралық бірлікті, рухани келісімді насихаттау мақсатында Орталықтың кино-лекциялық залында «Мемлекеттік тіл – Қазақстан халқының біріктіретін тіл» тақырыбында диалог алаңын өткізді.
Бірнеше тілді қатар меңгерген Теміртау қаласының жастары шараға белсене қатысты. Мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін Елизавета Седышева, ағылшын тілін меңгерген Фируза Алидодова мен Әсемай Пушанова, өзбек, түрік және орыс тілдерін білетін Гүлжайна Сыдықова, тәжік, қазақ және орыс тілдерін білетін Навруза Хаитова тілді үйрену тәжірибесі туралы айтып берді.
Залға жиналған Теміртау қаласы колледждерінің студенттері спикерлерге мемлекеттік, ағылшын және орыс тілдерінде сұрақтар қойып, диалог алаңының жұмысына белсене қатысты.
Тұңғыш Президент тарихи-мәдени орталығының әкімшілігі «Теміртау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлім» ММ және «Теміртау қаласының тілдерді дамыту орталығы» КММ басшылығына тағлымы мол шараны өткізуге белсене қатысқаны үшін алғысын білдірді.