«Азат елдің айбынымыз!» атты саптық байқау

Биыл ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толады. Осы атаулы мереке қарсаңында Орталығымыздың аясында Отан қорғаушылар күніне арналған «Азат елдің айбынымыз!» атты саптық байқау өткізілді. Бұл жастарды әскери патриоттық рухта және аға ұрпақтың ерлігін насихаттау арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу,өз еліне деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатындағы шара болып табылады. Тағлымды шараны Теміртау қалалық білім беру бөлімінің әдіскері Еркен Бисолтанов құттықтау сөзімен ашты. Саптық байқауға 5516 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты. Әскери бөлім сарбаздары қаламыздың қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, азаматтарымыздың тыныштығын қорғау міндеттерін қалтқысыз атқара жүріп өздерінің әскери шеберліктері мен даярлықтарын да шыңдай түседі. Сарбаздар сапта жүріп ән салды.Отан,елге деген сүйіспеншілік жайлы гитарамен ән де шырқады. Мұнымен қатар саптық байқауға Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-лицейі мен Ғабиден Мұстафин атындағы мектеп оқушылары да қатысып, сапта ән салды. Әсіресе Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-лицейінің кадет сыныбы оқушыларының жекпе-жек күресінен көрсеткен шеберлік көріністері жиналғандарды риза етті. Орталық басшысының орынбасары Гүлжан Кударинова жиналғандарды атаулы мерекемен құттықтап, белсенді қатысушыларға Алғыс хаттарын тапсырды. Сонымен қатар,саптық байқау спорттық сайысқа жалғасты. Қатысушылар Орталықтың фойесінде өткізілген қол күресі, тоғызқұмалақ және асық ату спорт түрлері бойынша сайысқа түсті. Мұнан әрі Орталықтың экскурсовод бұқаралық бөлім басшысы Зиядина Айнур Сериковна қатысушыларға экспозициялық залдар бойынша қызықты экскурсия жүргізді.