Қазақстан Республикасының Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ өнерінің майталман әншісі» атты ән кеші

2017 жылдың 2 ақпан күні Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында Қазақстан Республикасының халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ өнерінің майталман әншісі» атты ән кеші өткізілді. Іс-шараға Теміртау қаласы мектептері мен колледждері, Ғ.Жұбанова атындағы балалар өнер мектебінің музыка пәні мұғалімдері мен оқушылары, «Халықтар достығы», «Халық бірлігі, дәстүр мен ұрпақтар сабақтастығы» қоғамдық бірлестіктерінің алқа мүшелері, еңбек ардагерлері шақырылды.
Ән кешінің мақсаты – белгілі әнші Нұрғали Нүсіпжановтың қазақ эстрада өнеріне қосқан ерекше рөлін насихаттау, өскелең ұрпақты ұлтымыздың ән өнерін құрметтеуге тәрбиелеу.
Іс-шара басында Қазақстан Республикасының Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың өмірі мен шығармашылығы туралы бейнебаян көрсетілді. Содан кейін Теміртау қаласының «Магнитка» ардагерлер ансамблі, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, әнші-сазгер Шәймерденова Құралай Жүнісқызы, Теміртау кәсіптік-техникалық колледжінің музыкалық жетекшісі Сейіткәрім Нұрсұлтан, Ғ.Жұбанова атындағы балалар өнер мектебінің оқытушысы Сейілханов Тоқтар Асқарұлы, №2 мектептің ән және музыка пәнінің мұғалімі Хұсайынова Алтынай Хапасқызы, Ғ.Жұбанова атындағы балалар өнер мектебінің оқушысы Рахмет Гүлдана, №2 мектептің оқушысы Парахатов Айдос майталман әнші Нұрғали Нүсіпжановтың репертуарындағы әсем әндерді орындап, іс-шара қатысушыларының ризашылығына бөленді.
Ән кешінің соңында іс-шараның белсенді қатысушыларына Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының Алғыс хаттары тапсырылды.