Музейлер шеруі


Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында «Музейлер парады» жалпыреспубликалық акциясы аясында «Дара жол кезеңдері» атты музей түні шарасы ұйымдастырылды.
Аталмыш шараның мақсаты –қала тұрғындары мен қонақтарын еліміздің тәуелсіздік тарихымен тереңірек таныстыру, Елбасымыздың идеяларын жастар арасында кеңінен насихаттау және қазақтың ұлттық салт –дәстүрі мен қолөнерін насихаттау болды. Соған орай, Орталық басшылығы музей түнін тәрбиелік мәні зор тағлымды шаралармен қызықты етіп өткізуге ерекше мән берді. Шараға келушілер Орталықтың экспозиция залдарын тегін аралап, тарихи кезеңдеріне сай театрлық безендірулерін тамашалап, ұйымдастырушылардың қала тарихы мен ел өміріне қатысты қойған викториналық сауалдарына жауап берді, «Магнитка» ардагерлердің вокальдық ансамбілі шырқаған « Үшқоңыр» әнін тыңдады. Осы шара барысында тәрбиелі ұрпағын өсіріп, өмір жолдары өнеге болған Кеңескүл Ершіманова, Сәлима Өмірбекова, Тишу Қосшығұлова, Көкіл Кәмей, Айнагүл Жапарова, Гүлбарам Төлеуова, Үрлайым Сарсенова секілді қаламыздағы ақ жаулықты аналарымыз ұлттық қолөнеріміздің жанашыры екендіктерін танытты. Асыл аналарымыз өздеріннің қолдарынан шыққан ұлттық қолөнер бұйымдарымен ерекше көрме әзірлеген. Халқымыздың ғасырлар бойғы атадан балаға мұра болып келе жатқан бай қолөнер бұйымдарымен көз тартатын көрмені тамашалаған жастар ерекше әсер алды. Сонымен қатар, қолөнершілер Светлана Кравченко мен Владлена Барбашиналар жастар үшін шеберлік дәрістерін өткізді.
Шара барысында келушілер Орталықтың арнайы әзірлеген «Спорт залында» еліміздің ең таңдаулы спортшылары жайлы фотосуреттер көрмесін тамашалап қана қоймай, тоғызқұмалақ, дойбы және армрестлинг спорт түрлері бойынша өзара күш сынасып, сайысқа түсті. Жастар №2 орта мектебінің мұғалімі Нағашыбай Жалғасбаевтың өз оқушыларымен бірге өткізген ұлттық тоғызқұмалақ ойынына ерекше қызығушылық танытты. Мұнан әрі қатысушылар кинолекциялық –залда ұйымдастырылған мәдени шараға қатысып, ән шырқап, өнер көрсетті. Соңынан Орталық басшылығы бірнеше сағатқа созылған тағлымды шараның белсенді қатысушыларына Алғыс хаттары мен естелік сыйлықтарын табыс етті.