Тарих ақиқаты


Мамырдың 30 -нда тарихи-мәдени орталық қызметкерлері саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған “Тарих ақиқаты: оқиғалар, тағдырлар”атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Конференция Долинка кентінің саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы аясында өткізілді.
Іс-шара “Мамочкин” зиратына гүл қоюдан басталды. Бұл жерде Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың, Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің, түрлі конфессиялардың діни қызметшілерінің, қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтарының қатысуымен митинг-реквием өтті.
– Бұл орын –жәй ғана зират емес, таза алаң емес. Бұл жерде үлкен террордың жазықсыз құрбандары жатыр. Біз және болашақ ұрпақ жантүршігерлік қателік қайталанбас үшін бұл туралы есте сақтауымыз қажет.Біз еліміздегі бейбітшілік пен келісімді бағалауымыз керек,-деді Е.Ж. Қошанов.
Конференция жұмысын Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Е. М. Ағымбаев ашты. Ол сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін осындай шаралардың маңыздылығын атап өтті.
Қарағандының жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары ХХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы саяси қуғын – сүргінге байланысты ғылыми-зерттеу қызметінің тәжірибесімен бөлісті. Конференция қорытындысы бойынша баяндамалар жинағы жарық көретін болады.