«Ұлы Дала мұрасы» Халықаралық музейлер фестивалі


Жезқазған қаласында Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалаларын жүзеге асыру аясында, Жезқазған қаласының 65 жылдық мерейтойы қарсаңында 2019 жылдың 11-13 маусым күндері «Ұлы Дала мұрасы» атты Халықаралық музейлер фестивалі өтті.
Іс-шараның мақсаты – тарихи-мәдени мұраны сақтау және насихаттау, қазақ халқының тарихын зерттеу және тереңдете тануға тырысу, тарихи жайттардың ұмытылған сәттерін еске түсіру, Ұлы даланың өзіндік мәдениеті мен бірегей өркениетін бойына сіңірген ата-бабаларымыздың өмірі туралы деректі және тұрмыстық естеліктерді қайта жаңғырту. Халықаралық музейлер фестивалін өткізу жолымен шетелдік музейлер мен архивтер арасындағы байланысты нығайту.
Фестивальге Қытай, Түркия, Ресей, Өзбекстан және Моңғолия сияқты шетелдерден, келген қонақтармен қатар республика бойынша 17 музейдің қызметкерлері және ТПТМО-ның қызметкерлері Дәуірбек Бердашұы мен Қуаныш Тыныбекұлы қатысты. Іс-шара үш күнге созылды.
Фестивалдің алғашқы күні Жезқазған қаласының тарихи-археологиялық музейінде – Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Берік Әбдіғалиұлы мен Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаевтың құттықтау сөзімен ашылған салтанатты жиыннан кейін «Тарихта өз атыңды қалдыр» – музей алаңында Ұлытау-Жезқазған өңірінің тұрғындары арасында жәдігерлерді жинақтау мақсатында ұйымдастырылған акция қорытындысы, «Хас шеберлер шеруі» – атты қолөнер шеберлері мен суретшілердің шеберлік сабақтары, «Ұлы Дала мұрасы» экспозициясы мен «Ұлы Дала жауһарлары» көрмесінің ашылуы, «Көне дәуір куәгерлері» – құнды әрі сирек кездесетін жәдігерлер таныстырылымы өтті.
Екінші күні жиын қатысушыларына арнап «Музей қызметінің жаһандық жаңаруы – заман талабы» – музей мамандарына арналған семинар-тренинг өткізілді. Оны шет елден келген лекторлар мен музей саласының Отандық майталмандары жүргізді.

Шетелдіктерден: – Анкара университетінің Педагогикалық ғылымдар факультеті, Бейнелеу өнері және Пәнаралық Музей Білімі кафедрасы бастығы, профессор Айша Чакир Илхан (Түркия Республикасы);
– Астрахань музей-қорығы филиалының меңгерушісі Елизавета Казакова (Ресей Федерациясы);
– Баян-Өлгей аймағының Әкім Іс Басқару орнының Әлеуметтік саясат бөлімінің бастығы Бекжан Қазбекұлы (Моңғолия Республикасы);
– «Узархив» агенттігінің бас маманы Нилюфар Анаркулова мен Бұхар облысы, Пешкун ауданы Мемлекеттік архивінің директоры Эльмурод Имомов (Өзбекстан Республикасы);
– Қытайдың бірінші тарихи архивінің қызметкері, ақпараттық-анықтамалық бөлімінің басшысы Чжан Сяожуй мен Қытай жаңалықтар мұрағаты агенттігі, редакция бөлімі директорының орынбасары Ян Тайан (Қытай Халық Республикасы);
Отандастарымыздан: – Туристік ақпараттық әдістемелік орталығының туризм эксперті Бақыт Оразымбетова;
– Тарих ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археология, этнология және музеология кафедрасының доценті, профессор Тәттігүл Картаева;
– «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының музей ісін дамыту бөлімінің басшысы Лариса Плетникова;
– Мемлекеттік «Арман-тур» Тур-операторының, гидаудармашылар, экскурсоводтар мектебінің басшысы, ұлттық тренер, ҚР туризм саласының еңбек сіңірген қызметкері Салтанат Абжановалар жүргізді. Шараның соңында барша қатысушылар мен музейлерге Алғыс хаттар мен сертификаттар тапсырылды.
Фестивальдің 3-ші күнінде фестиваль қатысушыларына Ұлытау-Жезқазған өңірінің Сакралды жерлеріне Алаша хан, Жошы хан және Домбауыл кесенелеріне экскурсия ұйымдастырылды. Бұл шараның атауы – «Ұлы Дала – түркі әлемінің бесігі» – деп аталды.