Тұңғыш Президент күні тойланды


30 қарашада ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығына Қарағанды облысының әкімі Е.Ж.Қошанов келді. Аймақ басшысын Теміртау қаласының әкімі Ғ.Ә. Әшімов, облыстық және қалалық құрылымдардың басшылары алып жүрді.
Президенттің үзеңгілестерінің қатысуымен Орталықтың қызметкерлері әзірлеген «Сарыарқа төсіндегі кездесу» атты жаңа жинақтың тұсаукесері өтті. Қонақтар ҚР Президенті Іс басқармасы ұсынған, оның ішінде Н.Ә.Назарбаевтың жеке заттарын, ресми тұлғалардың кәдесыйлары – В. В. Путиннің Ресей ауыл шаруашылығының 12 томдық антикварлық энциклопедиясы, ҚХР Төрағасы Си Цзинпиннің кәдесыйлары, И.Н.Тасмағамбетов атынан ҚР Конституциясының сыйлық басылымы, Олимпиада чемпионы А. Н. Винокуровтің велосипеді және басқа да бірқатар жаңа экспонаттарды қарап шықты.
Орталықтың экспозициялық залдарында экскурсия өткізілді. Іс-шара облыстың кәсіби және көркемөнерпаз ұжымдары дайындаған мерекелік концертпен аяқталды.