Теміртау – Елбасының алтын бесігі
Теміртау – тұлғалар қаласы деп аталуы да бекер емес. Металлургтер қаласының тарихы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Теміртау қаласының 74 жылдығы қарсаңында қыркүйектің 27 күні Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында өткізілген «Теміртау – Елбасының алтын бесігі» атты мерекелік шарада осыған ерекше мән берілді. Мерекелік іс-шараның құрметті қонақтары, Елбасының үзеңгілес құрдастары Илияс Баймұрзаев пен Ермек Төлеубаевтар жастарға Қазақстан Магниткасы мен қала тарихына байланысты тағлымды әңгімелер айтты.
Аталмыш шараның мақсаты жастарды туған қаласының тарихымен тереңірек таныстыру, ардагерлердің тағлымды әңгімелерінен сабақ алу, өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу болды.
Тағлымды шараға Теміртау қаласының ақсақалдар алқасының мүшелері, қаламыздың белгілі ақындары Қасым Ботанов пен Руза Алдашева, Теміртау қаласының колледждерінің студенттері, қала мектептерінің жоғарғы сынып оқушылары және 5516 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты.
Қатысушылар назарына Теміртау қаласының тарихы жайлы бейнебаяндар, викториналық сауалдар ұсынылып, Теміртау қаласы жайлы ақындар жырлары оқылып, әндер шырқалды.
Шараға қатысушылар Елбасының замандастарының әңгімесі мен ақындардың Теміртау жайлы жауһар жырларын тыңдап, Теміртау мәдениет сарайының өнер жұлдызы Жанна Хасенова мен Ардабек Октябрьдің әндерінен ерекше бір әсер алды.
«Теміртау – Елбасының алтын бесігі» іс-шара соңында Орталықтың басшысы Саида Жамантайқызы Саргизова қатысушыларға алғысын білдіріп, сый-сияпаттарын жасады.