Абайдың 175 жылдығына арналған конкурс өтті
Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында 2020 жылдың 21 ақпаны күні сағат 10:00 де қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, ұлы ойшыл, ақын, жазушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай мектеп оқушылары арасында «Қазаққа қара сөзден дес бермедім» атты байқау өтті. Ұлы ақын, жазушы Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін оқып, әндерін айтудан сайысқа түскен оқушылар өзара кім мықтыны анықтады.
Сайысты өткізудегі басты мақсат ұлт әдебиетінің аса көрнекті өкілінің өнегелі өмірі мен мол шығармашылық мұрасын дәріптеу; ұрпақты Отаншылдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеу, білім алуға, ойлы поэзия мен әдебиетке деген ынтасын арттыру;
«Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы» КМҚК ұйымдастырған сайысқа қаладағы 30 мектептің 25 і қатысты. Байқау 7- 11 сынып оқушылары арасында өтті. Жас ұрпақтың азаматтық ұстанымын қалыптастыру, өздеріне деген сенімділікті арттыру және шығармашылық мүмкіндіктерін ашу көзделген іс-шара қатысушылары ақынның рухты жырларын нақышына келтіріп, қара сөздерін жатқа оқыды.
Сайыс соңында әдеби бәсекенің көркін кіргізген барша қатысушыларға Орталықтың алғыс хаттары беріліп, жеңімпаздарға Дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Байқау нәтижесі бойынша ақынның қара сөздерін оқудан 1-орынды Ақтау кентіндегі №32 орта мектептен келген Абитаева Аружан, 2-орынды №5 мектеп оқушысы Серікжан Ақмарал және 3-орынды Әйелдер гимназиясынан Сейфуллин Мөлдір иеленді. Өлеңдерін жатқа оқудан 1-орынға №17 мектеп оқушысы Қаби Жандос, 2-орынды №15 мектептен Қонарбай Сымбат және 3-орынға Теміртау кәсіптік-техникалық лицеийінен келген Шафиева Виктория ие болды. Абай әндерін нақышына келтіріп орындағандар арасында 1-орын №14 мектеп оқушысы Те Софияға, 2-орын №23 білім ошағынан Абдулла Ерасылға, 3-орын №6 мектептің оқушысы Яна Бомбинаға бұйырды.