2025 жылғы 14 мамыр күні Қарағанды қаласындағы Достық үйінде Халықаралық музейлер күніне орай «Музей ісінің заманауи талаптары мен болашағы» атты облыстық форум өтті.

Форум — тек кәсіби кездесу ғана емес, бұл – ұлттық жадымыздың алтын арқауы саналатын музей ісінің тағдыры мен келешегі талқыланған, ой мен тәжірибе тоғысқан маңызды алаңға айналды.
Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы форумды ресми түрде ашып берді. Шараның өңір мәдениеті үшін маңыздылығын ерекше атап өтіп, музей қызметкерлерін Халықаралық музейлер күнімен құттықтап, олардың рухани мұраны сақтау жолындағы өлшеусіз еңбектеріне ризашылық білдірді.
⚜️ Форум аясында қатысушылар назарына Қарағанды өңіріндегі музейлердің ең үздік жәдігерлері қойылған арнайы көрме ұсынылды. Тарихи реконструкциялар, мазмұнды семинар-практикумдар, шеберлік сабақтары – мұның барлығы музей ісінің заманауи тәсілдері мен жаңа мүмкіндіктерін ортаға салуға бағытталды.
⚜️ Сонымен қатар, форум аясында шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өткен мерекелік концерт жиынға ерекше рухани леп беріп, қатысушыларға ұмытылмас әсер сыйлады.
«Музей ісінің заманауи талаптары мен болашағы» форумы – тек бүгінгі күнмен шектелмейтін, ертеңгі мәдени кеңістікті қалыптастыруға негіз болатын тарихи басқосу болды. Мұнда ұсынылған тың идеялар мен кәсіби ұсыныстар алдағы уақытта музей ісінің дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.