АҚПАРАТ
2018 жылдың 12 маусымы күні Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай қаламыздағы мектеп лагерлеріндегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған «Астананың 20 жылдағы – 20 жетістігі» тақырыбында тақырыптық экскурсия өтті.
«Нұр Отан» партиясының Теміртау қалалық филиалы мен Тарихи-мәдени орталық ұжымы бірлесе отырып өткізген іс-шараның басты мақсаты жас жеткіншектерге Отансүйгіштік тәрбие беру, туған еліне, оның астанасына деген патриоттық сезімдерін арттыра түсу болды. Музейдің экскурсия жетекшілері Орталықтың «Тәуелсіз Қазақстан» залында ұйымдастырған тақырыптық экскурсия барысында қазақ астаналарының тарихына қатысты тың мәліметтер айтылып, конференция залында әсем Елордамыздың қалыптасуы жолына қатысты арнайы дайындалған видео көрсетілді. Оқушылар Астана тарихына, ондағы ғажайып ғимараттарға қатысты көкейлерінде жүрген сауалдарды қойып, оған тұщымды жауаптарын да алды.
Аталмыш жиынның соңында «Нұр Отан» партиясының Теміртау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Есмурзаев Алтынбек оқушыларға арналған мұндай шаралардың әлі де жалғасатынын тілге тиек етіп, жиынға қолдау көрсеткен Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының басшысы Саргизова Саида Жамантайқызына, экскурсия жетекшісі Тыныбек Қуанышқа «Алғыс хаттарын» тапсырды.