«Дәстүр мен ғұрып» залы
«Дәстүр мен ғұрып» залы қазақтың ұлттық материалдық құндылықтарын насихаттау мақсатында 2022 жылы ашылған Бұл залда киіз үйдің жартылай макеті барлық жабдықтарымен орнатылған. Киіз үй – ежелгі көшпелі өмір сүрген адамдардың жылжымайтын негізгі баспанасы. Ол тез жиылып, шапшаң тігуге ыңғайлы, көшіп-қонуға лайықталып жасалады. Киіз үйдің пайда болған уақыты қола дәуіріне тура келеді. Киіз үй біздің заманымыздан бұрын VII-ғасырдан кеңінен пайдаланылып, киіз басу белгілі бір кәсіпке айналған. Киіз үйдің қабырғасы шеңбер тәрізді келіп, төбесі күмбезделген.
Киіз үй негізгі үш элементтен тұрады: кереге, уық, шаңырақ. Жылжымалы тор көз – кереге, кереге басы мен шаңырақты жалғастыратын ағаш – уық, киіз үйдің төбесі – шаңырақ. Керегенің әр бөлігі қанат деп аталатын қабырғалардан тұрады.
Керегенің басы мен шаңырақтың ортасын ұзын ағаш шыбықтар – уық тұтастырып тұрады. Үйдегі кереге басы қанша болса, сонша уық керек.
Қазақ халқы ертеде киіз үйде тұрған. Сондықтан үй мүліктері мен жиһаздары ұлттық қолөнер дәстүрі бойынша көшпелі тұрмысқа лайықталып жасалған. Түрлі материалдардан әзірленетін үй бұйымдары киіз үй кеңістігімен жараса үйлескен. Үй жиһаздары көп орын алмайтындай және көші-қон кезінде алып жүруге қолайлы болатындай етіп жасалған.
Үй жиһаздары — сандық, төсеніш бұйымдары — кілем, алаша, сырмақ, құрақ көрпе, жастық және заттар мен ыдыс-аяқтарды сақтап, тасымалдайтын бұйымдар — қоржын сияқты дүниелерден тұрады.
Сандық – киіз үйдің ағаш жиһаздарының бірі. Оған киім-кешек, асыл бұйымдар салынады. Қазақ шеберлері сандықты қайың, қара тал ағашының сүрегінен жасаған. Сыртынан көркем етіп темір, мыс жапсырмамен, қатырма ою өрнектермен безендіріледі. Сандық — халықтар тұрмысында ерте кездей пайдаланылып келе жатқан ең ежелгі жиһаздың бірі. Сандықтың үстіне құрақ көрпелер мен жастық жиналған. Құрақ-төрге төсейтін көрпеше. Мата қиындыларын қиюластырып, тұмарша, сегіз жапырақ, ромб тәрізді өрнектерден құралған көрпені Құрақ немесе Құрақ көрпе деп атайды. Ежелден қонақжай қазақ халқы төрін қонаққа арналған “қасиетті орын” санаған. Құрақ көрпені арасына мақта немесе қойдың, түйенің жүнін салып, сырып тігеді.
Киіз үйдің оң жақ босағасында қазан–ошақ орналасқан. Құт деген түсiнiктi сарқа құйып алатын символдың басы осы — қазан. Қазанды татулықтың белгiсi ретiнде ,береке-бiрлiктiң символы ретiнде де таниды.Ошақтың қасында тас диірмен қойылған. Тасдиірмен – ұн тартатын тастан жасалған құрал. Еркек тас – диірменнің астыңғы беті. Ұрғашы тас – диірменнің үстіңгі беті. Шүлдік – еркек тас ортасындағы кіндік темір. Бақалақ – ұрғашы тастың кіндік кіретін ағаш қалағы.
Шаңырақтың ортасында тамақ ішуге арналған дөңгелек жер үстел ыдыс-аяқтарымен қойылған. Астау – ағаштан жасалған қазақтың көне ыдыс-аяқ түрі,
көлемі табақтан үлкен, ұзынша қайың ағаштан жасалған ыдыс. Басты тағам етті таратуға арналған,астауға малдың мүшеленген еттері салынған.Үстел үстінде тағы келесі ыдыс-аяқтар қойылған – ағаштан жасалған кесе, тостақ, қымызға арналған ағаш ожау,зерең,самаурын. Шара – ағаштан ойып жасаған, қымыз немесе сұйық ас құятын шұңғыл тік жиек ыдыс.
Самаурын – шай қайнайтын ыдыс.
Киіз үйдің ішіндегі керегенің бастарына қазақтар қасиетті ,киелі деген заттарды жоғары ілген,мысалы алдарыңызда көріп тұрғандарыңыздай -қамшы,домбыра,дулыға,садақ жебесімен ,қылыш қалқанымен және ұлттық киімдер ілулі тұр. Қамшы – қазақ халқының байырғы кездегі шаруашылық, мәдени өмірінде аса кең тараған, мінетін көлігі малды айдап жүргізу үшін қолданылатын, таспадан әртүрлі нұсқада түйіп, тобылғы немесе басқа затқа саптап жасаған ежелгі ат айдауыш құралдардың бірі, ер-тұрманның бір құрамы.Қамшы негізінен саптан және өрімнен тұрады. Қамшы отағасының үйдегі орны мен айбары ретінде қаралған. Домбыра – қазақтың ең ардақты ұлттық қазынасының бірі. Домбыра —қазақтың мәдениетінде бар екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспап. Қазіргі кезде домбыра жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық-фольклорлық музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданылатын, мүмкіндігі кең музыкалық аспап болып табылады. Дулыға ,садақты жебесімен,қылыш пен қалқанды қазақ халқы жауға шапқан кезде қорғаныс құралы ретінде пайдаланған.
Киіз үйдің ішінде кішкентай сәбиді бөлейтін ағаш бесік бар. Бесік – баланы бөлейтін қастерлі мүлік. Оның жастық, мамық, жаялық, тартпа, түбек, шүмек, бесік жапқыш т.б. бөліктері мен бұйымдары болады.
Қоржын – жолаушының ат немесе түйе артына бөктеретін, керек-жарағын салатын қос қалталы бұйымы.
Киіз үйдің жерге төсеніші ретінде ата-бабаларымыз алдарыңыздағыдай алаша, кілем, сырмақ пайдаланған. Алаша – әртүрлі жүннен немесе әртүрлі түске боялған мақта мен жүннен тоқылған төсеніш. Оны екі түрлі әдіспен: түрлі-түсті жіптерді жарыстыра жолақ жасап, әртүстерін, көп мәнерлі өрнектер түсіріп тоқиды. Алғашқысын жолақ алаша, соңғысын терме алаша деп, кейде кілем алаша деп те атайды. Алаша енсіз тоқылғандықтан төсеніш, тұс кілем, қоржындар жасағанда бірнеше ендерді біріктіріп тігеді. Текемет – түрлі түсті, оө-өрнек түр салып, киізден басылатын төсеніш. Осы төсеніштерді тігетін, тоқитын жіптерді әжелеріміз ұршық иіру арқылы жүннен арнайы жіптер дайындаған.