Қара өлеңнің қос алыбы Қадыр мен Тұманбай!


Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында 2019 жылдың 16 қаңтары күні сағат 11:00 де мемлекеттік сыйлықтың иегерлері, ұлт әдебиетінің көрнекті өкілдері жазушы, ақындар Қадыр Мырза-Әлі мен Тұманбай Молдағалиевтің 85 жылдық мерейтойларына орай «Қара өлеңнің қос алыбы Қадыр мен Тұманбай!» атты әдеби-сазды шығармашылық басқосу өтті.
Оған Теміртау қалалық мамандандырылған Орталық кітапханалар жүйесінің кітапханашылары мен әдіскерлері, білім беретін қазақ мектептерінің оқушылары мен мұғалімдері қатысты. Іс-шара барысында қос ақынның шығармашылығына қатысты кітап көрмесі ұйымдастырылып, өнегелі өмір жолдары жайлы бейнебаян көрсетілді. Әдеби шараның шымылдығы кітапханашы Таңсәуле Әгенқызы оқыған баяндамамен ашылды. Одан кейін кезек алған оқушылар Қадыр Мырза-Әлі мен Тұманбай Молдағалиевтің өлеңдерін жатқа оқып, әндерін әуелете шырқады.
Жас ұрпақтың азаматтық ұстанымын қалыптастыру, өздеріне деген сенімділікті арттыру және шығармашылық мүмкіндіктерін ашу басты мақсаты болған шара қатысушылар ақындардың рухты жырларын нақышына келтіре отырып оқыды. Іс-шараның соңында әдеби жиынның көркін кіргізген барша қатысушыларға Орталықтың алғыс хаттары табыс етіліп, жиналған жұртшылық естелік суретке түсті.