Қазақ халқына мың алғыс
Ақпанның 28 күні Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында Орталық қызметкерлері мен Теміртау қалалық әкімшілігі бірлесіп ұйымдастырған Алғыс айту күніне арналған «Қазақ халқына мың алғыс» атты Теміртау қаласының этно-мәдени орталықтары арасында фестиваль ерекше әсерлі өтті.
Тағлымды шараның мақсаты – жастарға айтулы мерекенің мағынасын тереңінен түсіндіру, ізеттілік пен кішіпейілдікке тәрбиелеу, қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімді сақтау болып табылды.
Фестивальге Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Құттыбай Мирас Жанатбекұлы қатысып, шараға жиналғандарды мерейлі мерекелерімен құттықтады. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Деспина Ивановна Касапиди ата-бабаларының Қазақстан жеріне қоныстану тарихы жайлы әңгімелеп, қиын шақтарда грек ұлтына демеу болған қазақ халқына алғысын білдірді. Іс-шараның шымылдығы № 4 орта мектебінің оқушылары күшімен әзірленген айтулы мерекенің тарихынан сыр шертетін арнайы көрініспен ашылды. Этно-мәдени орталықтар өзге ұлттардың Қазақстан жеріне қоныстану тарихы жайлы, этносаралық түсіністік пен келісім жайлы әңгімеледі.
Мұнымен қатар фестивальге Теміртау қаласының ақсақалдар алқасы, ардагерлер Кеңесінің мүшелері, «АрселорМиттал Теміртау»АҚ жанындағы этно-мәдени орталықтары мен Теміртау қаласының колледж студенттері , қала мектептерінің оқушылары қатысып, қаламыздағы ұлттар мен ұлыстардың достығы мен жарасымының куәсі болып, зор ризашылық сезіммен тарасты.
Соңында Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының басшысы С.Саргизова тағлымды шараға қатысушыларға алғысын білдіріп, белсенді қатысушыларға Алғыс хаттарын табыс етті.