Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне арналған «Ата заң – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі» атты Келелі Кеңес
2017 жылы 29 тамызда Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында Қазақстан Республикасы Конституциясы Күніне арналған «Ата заң – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі» атты Келелі кеңес өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – Қазақстанда құқықтық, демократиялық мемлекет құрудағы Конституцияның маңызын, Ата заңның қабылдану тарихын, Ұлы дала елінің негізгі заңының іргетасын қалаған қазақ хандары мен билерінің рөлін ашып көрсету.
Келелі кеңеске қаланың құқық қорғау органдарының, мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, Қоғамдық Кеңестің мүшелері мен әскери бөлімдердің қызметкерлері шақырылды.
Іс-шара барысында Конституция туралы бейнебаян көрсетілді. Содан кейін Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының ғылыми-зерттеу бөлімі басшысы Кетебаев Дәуірбек Бердашұлы «Казақстан Республикасы Конституциясының даму кезеңдері», заңгер-кеңесшісі Нұртазин Азамат Қуанышұлы «Конституциялық реформа елдің қарқынды дамуының негізі», экскурсия жетекшісі Тыныбек Қуаныш «Қазақстан заңнамасы іргетасының қалануындағы белгілі заңгер Барлыбек Сыртановтың рөлі» тақырыптарында баяндамалар жасады. Келелі Кеңес соңында баяндамашылар іс-шара қатысушыларының сауалдарына жауап берді.
Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орай өткізілген іс-шара қала тұрғындарының құқықтық сауаттылығын көтеру, елімізде құқықтық, демократиялық мемлекет құру мақсатында олардың азаматтық белсенділігін арттыру жолындағы пайдалы қоғамдық-саяси оқиға болды.