Қазақстан жолы

Тәуелсіздікке апарар жол ұзақ және ауыр болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Тәуелсіздік жылдары елімізде бірталай ірі ауқымды түбегейлі өзгерістер орын алды: екі палаталы Парламент құрылды, жаңа астана бой көтерді, сот жүйесі, Қарулы Күштер, Ұлттық ұлан, шекара әскерлері және Әскер-теңіз флоты құрылды. Шетелден инвестиция тарту бойынша Қазақстан ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында көшбасшылыққа ие болды.

Қазақстанның сыртқы саясаты біздің мемлекетіміздің суверенитеті мен тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған. Шетелдермен достық қарым-қатынасты орнату үшін орасан зор жемісті жұмыс атқарылды. Қазақстанның тәуелсіздігін 120 –дан астам ел ресми мойындап, елімізбен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Қазақстан БҰҰ-ның толық құқықты және белсенді мүшесі болып табылады, сонымен бірге Еуроодақ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Халықаралық валюта қоры, МАГАТЭ және ЮНЕСКО сияқты ең беделді халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуда. Бүгінгі таңда Қазақстан халықаралық аренада белгілі болды және әлемдік экономикалық жүйелер арасында лайықты орнын иеледі деп толық сеніммен айтуға болады. Ұсынылған экспозициялар Қазақстанның жаңа тарихының ең маңызды және жарқын кезеңдерін ашып көрсетеді.
Залдың ортасында ежелгі адамдардың тасқа салған суреттерінен қазіргі күнге дейінгі Қазақстан тарихының белгісі ретіндегі барельеф орналасқан. Көркем композицияның кіндігі – қазақстандықтардың әрі қарай дамуға, өсіп-өркендеуге талмас талабының рәмізі есебіндегі «Қазақ елі» сәулет-мүсіні кешенінің үзіндісі.
Тәуелсіздік дәуірі түбегейлі өзгерістер мен оқиғаларға бай болды. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында елдің бейнесі өзгерді. Еліміздің табыстары және жетістіктерімен Оралыққа келушілер интерактивті карта арқылы таныса алады.
Әр жыл – маңызды оқиғалар тізбегі, тәуелсіздік шежіресі. Интерактивті панелдерден тәуелсіз Қазақстанның саяси-экономикалық және әлеуметтік-мәдени өмірінің жарқын оқиғалары туралы ақпараттармен танысуға болады.