Қазақстанның құрыш келбеті

«Мемлекеттің индустриялық қуаты көп жағдайда метал қорытудың көлемімен белгіленеді. Метал халық шаруашылығының барлық салаларына қажет: одан диқанның соқасын да, хирургтің скальпелін де, ғарыш кемелерін де, Отан қорғанысының болат беренін де жасайды», – деп жазады өзінің «Қазақстанның құрыш келбеті» атты кітабында Н.Назарбаев. Бүгінгі таңда Қарағанды металлургия комбинаты республикадағы толық металлургиялық айналымдағы аса ірі кәсіпорынға айналды. Ондаған жылдар өтсе де, Қазақстан Магниткасы Тұңғыш Президенттің ерекше бақылауында. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жылдары Президент Н.Назарбаевтың қолдауымен кәсіпорында жаңа цехтар мен өндірістер пайдалануға беріліп, ескілері жаңғыртылып, заман талабына сай өзгертілуде, металлургия комбинаты өнімдерін іс жүзінде бүкіл дүние қолдануда.

Зал металлургиялық өндірістің атмосферасын елестетеді және келушілерде кәсіпорынның ішінде жүргендей әсер қалдырады. Залдың оң жағында металлургия комбинатының толық кешені ұсынылған: агломерациялық және коксохимиялық өндірістер бастапқы кезең болып табылады; бұл жерде темір шикізатын қайта өңдейді және көмірді кокстейді, одан шыққан қоспаны домна пешіне салады, жоғары температура мен химиялық реакцияның әсерімен шойын пайда болады. Құрыш алу үшін конвертерге темір сынықтары және сұйық шойын салады. Оттегінің ықпалымен көміртегінің жанып кетуіне мүмкіндік туады. Нәтижесінде құрыш алынады. Сұйық құрыш үздіксіз құятын машинаның кристализаторына беріледі, онан қаңылтақ алынып, табақша металды илемдейтін цехтарда белгіленген қалыңдыққа дейін тегістеледі. Залдың сол жағында қаңылтақтар мен дайын илемделген темір бұйымының макеттері ұсынылған, одан әрі – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жұмысшысының арнайы киімі.

2000 жылы Қазақстан Магниткасының 40 жылдығында Н.Ә.Назарбаев мерейтойлық шойын балқытуға қатысты. Витринада осы оқиғаның суреттері мен Президенттің домна пешінің журналында қалдырған «Өзіндік құнын кеміту, көлемін ұлғайту, сапасын жақсарту қажет. Фосфор мен күкіртті азайту керек» деген жазбасы ұсынылған.