Әмина Өмірзақоваға арналған еске алу кеші өтті
2019 жылы 29 наурызында Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында Қазақстан Республикасы Президентінің «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы және Әмина Өмірзақованың туғанына 100 жылдығы аясында «Қазақ киносының анасы…» атты еске алу кеші ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты- қала тұрғындарын белгілі актриса қазақ киноөнерінің шебері Әмина Өмірзақованың өмірі мен шығармашылығымен таныстыру және қазақ халқының ұлттық киноөнерін насихаттау болып табылды.
Әмина Өмірзақованы еске алу кешіне Теміртау қаласы ақсақалдар алқасының мүшелері, «Магнитка» ардагерлер ансамбілінің мүшелері мен Теміртау жоғары политехникалық колледжінің студенттері қатысты.
Әмина Өмірзақова жарты ғасырдан астам өмірін театр сахнасына арнап, 150-дей кейіпкерді сомдаған талантты әртіс. Ал кино саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.Оның ана бейнесіндегі «Ана туралы аңыз», «Тақиялы періште», «Гауһартас»фильмдері әлі күнге экраннан түскен жоқ.«Ана туралы аңыз» – Әмина Өмірзақованың бағын ашқан фильмдердің бірі. Қазақ кино өнерінің қайталанбас тұлғасына арналған кештің шымылдығы Әмина Ерғожақызы жайлы бейнебаянмен ашылды. Мұнан әрі Теміртау қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №3 кітапханасының кітапханашысы Әйгерім Болат Әмина Өмірзақованың өмірі мен өнері жайлы баяндамасымен таныстырды. Дәстүрлі әнші Құралай Шаймерденова біртуар актрисаның сомдаған рөлдерінен үзінді орындаса , Алуа Есмұрзаева «Тақиялы періште»фильмінен «Ана» жайлы әнді шырқады. Әмина Өмірзақованың ғасырлық мерейтойына арналған тағлымды шара «Магнитка» ансамбілінің орындауындағы сазды әуенмен аяқталды.
Іс-шараның соңында Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының ғылыми-зерттеу және экспозициялық көрме бөлімінің басшысы Дәуірбек Кетебаев «Қазақ киносының анасы» атты еске алу кешіне белсене қатысушыларға «Алғыс хаттар» табыс етті. Тағлымды кешке жиналғандар Әмина Өмірзақова жайлы арнайы ұйымдастырылған кітап көрмені тамашалады.