Бір шаңырақ астында


Сәуірдің 30-нда Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бір шаңырақ астында» атты фестиваль өтті.
Халықтар бірлігі мен достығын насихаттау, түрлі ұлт өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау, барлық этностарға ортақ жалпыұлттық идеалдар мен қасиеттерді қалыптастыруға ықпал ету мақсатында Орталықтың қызыл залында Теміртау қаласының «Халықтар достығы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, этно-мәдени орталықтар, қалалық ақсақалдар алқасы мен ардагерлер кеңесінің мүшелері, «Магнитка» ансамблі жиналды.
Орталықтың фойесінде этно-мәдени орталықтар шағын көрмелер дайындады. Мұнда дәстүрлі рождестволық және пасхалық неміс кәдесыйлары, поляктың Мажанна (қуыршақ – көктемнің символы) және Гай (тілектер тармағы) рәсімдері, кәрістің шыбықтардан тоқылған дуршлаг және кеспе себеті, казактың киімдерді үтіктеуге арналған ағаш рубелі және балшық ыдысы, дәстүрлі қазақ және татар қолөнер бұйымдары болды.
Фестивальдің ресми бағдарламасы «Магнитка» ардагерлер ансамблінің орындауындағы әнмен ашылды. «Халықтар достығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі И. Баймұрзаев қоғамдық бірлестіктің халықтар бірлігі мен достығын дамытудағы маңызы туралы айтып, залдағы этно-мәдени бірлестіктердің мүшелерін, полиция қызметкерлерін, Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінің,Теміртау жоғарғы политехникалық колледжінің оқушыларын Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады. Концертте неміс, қазақ, кәріс және татар әндері, көне казак романстары орындалды, «АрселорМиттал Теміртау» қазақ мәдени орталығының ансамблі өнерпаздары би билеп, көктемді қарсы алудың поляк дәстүрі көрсетілді.
Фестивальге жиналғандарды Бірлік мерекесімен құттықтаған Айтжан Исақов ақсақал қазақ әнін ғана емес, орыс және украиндық «Ты ж мене подманула» және «Черемшину» әндерін шырқап, көпшілікті тәнті етті.
Сондай-ақ шараға қатысқан учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты М. Г. Арутюнян және жол полициясы батальонының полицейі А. Ю. Корб барлық қазақстандықтарды мемлекеттік тілде маңызды мерекемен құттықтады.
Тұңғыш Президент тарихи-мәдени орталығының жетекшісі С. Ж. Саргизова фестиваль қатысушыларын бірлік мерекесімен құттықтап, Қазақстан – бір шаңырақ астында тұратын барлық ұлттардың ортақ үйі екенін атап өтті. Фестивальдің белсенді қатысушыларына Алғыс хаттарын табыстады. Мерекенің шымылдығы Қазақстан туралы әнмен жабылды.