Әділ сөздің алдаспаны – Әйтеке би
2019 жылдың 31 қаңтары күні Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы аясында Әйтеке би Байбекұлының 375 жылдығына арналған «Әділ сөздің алдаспаны» атты ғылыми-танымдық конференциясы өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – көпшілік арасында ағартушылық жұмысқа, әсіресе жастардың назарын ұлттық тарихқа аудару болды.
Конференцияға қала әкімдігінің, Теміртау қаласы ардагерлер Кеңесінің өкілдері,жалпы білім беретін мектептердің тарих, қазақ тілі мұғалімдері мен оқушылары,колледж оқытушылары мен студенттері, қала тұрғындары қатысты.
Конференцияның шымылдығы бейнеролик көрсетумен ашылды. Сонымен қатар, орталықтың ғылыми қызметкері К. А. Мамбетов («Ел бірлігін көксеген Әйтеке би») және «Аманай» ЖШС директоры А. К. Амандықов («Өткеннің тағлымы – келешектің кемелдігі») баяндама жасады. Баяндамаларда Әйтеке бидің хан кеңесінде сыртқы және ішкі саясатқа байланысты мемлекеттік істерді шешудегі маңызды рөлі, оның қазақ халқын біріктіруге, жақсы жабдықталған және даярланған әскерді құруға бағытталған күш-жігері жайлы кеңінен баяндалды. Сондай-ақ, жоңғарларға қарсы күресті ұйымдастырушылардың бірі ретіндегі Әйтекенің зор еңбегі де атап өтілді.
А.Амандықов Орталыққа естелік ретінде ескерткіш орындарының суреті мен мүсінші Герасимовтің қайта өңдеуден өткізілген Әйтеке бидің портретін тарту етті.
Іс-шара соңында Әйтеке би туралы сахналық көрініс көрсетіліп, терме, күй орындалды.