Ғарыш күніне арналған «Ғарыш ғажайыптары» танымдық-ойын бағдарламасы туралы
12 сәуір күні Халықаралық ғарыш күніне орай «Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы» КМҚК АТ тіл орталығымен бірлесе отырып, қаланың аз қамтылған отбасы балаларына арнап «Ғарыштағы бастан кешкен оқиғалар» оқу-танымдық бағдарламасын өткізді. Бұл жолы іс-шара үш тілде болды. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Халыққа Жолдауында үштілділік туралы айтылған. Болашақ ұрпақ үш тілді еркін меңгеруі тиіс: қазақ тілін – мемлекеттік тіл ретінде, орыс тілін – ұлтаралық тіл ретінде, ағылшын тілін – халықаралық тіл ретінде. Өйткені, «Қазақстанда үштілділік – жетістікке жету кілті» болып саналады.
Аталған бағдарлама мақсаты: ойынға қатысушыларды әлемдік авиация және космонавтиканың дамуымен таныстыру, ұшқыш-ғарышкер мамандығы туралы ойын кеңейту, мамандыққа құрмет көрсетуге тәрбиелеу, ой-қиялын дамытып, еліне деген мақтаныш сезімін ояту.
Бағдарлама барысында қатысушылар ғарышқа ұшқан иттердің тарихымен, алғашқы ғарышкер Ю.А.Гагарин және алғашқы қазақ ғарышкері Т.О.Әубәкіровтың өмірімен танысты. Сонымен қатар үш тілде викториналық ойындар да ойнатылды, «Мен ғарышкер боламын» әніне флешмоб биленді. Одан соң жоғарыдан түскен жұлдыздар астында тұрып, өз тілектерін тіледі. Балаларға демеушілер тарапынан сыйлықтар таратылды.
Шара соңында Орталықтың басшысы С.Ж.Саргизова мен АТ тіл орталығының басшысы М.В.Шиллерге құттықтау сөзі берілді. Олар бағдарламаның демеушілеріне алғыс хаттар табыстады. Бұл танымдық бағдарламаның демеушілері болған Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының Теміртаудағы филиалы, Қарағанды облыстық Іскер әйелдер кеңесінің Теміртаудағы филиалы, «Бидай Нан ЛТД и СО» ЖШС, «ГОРДОРСЕРВИС» ЖШС болды.