«Асығың алшысынан түссін!» турнирі
Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының ауласында «Жастар жылы» және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ халқының ұлттық ойыны асық атудан «Асығың алшысынан түссін!» атты II қалалық оқушылар турнирі ұйымдастырылды.
Оған Теміртау қаласындағы 4 аула клубынан 40 оқушы қатысты. Алдымен өзара олимпиядалық жүйе бойынша іріктеуден басталған шараның ақтық кезеңіне 16 қатысушы шығып, спорттық шараның көркін қыздырды.
Іс-шараның басты мақсаты өскелең ұрпақты төл ойынымыздың тарихымен таныстыру, олардың қызығушылығын арттыру, мергендігін, ептілігін арттыру, аталмыш ойынды өзара ойнаудағы машықтығын жетілдіру болып табылады.
«Теміртау қалалық спорт және денешынықтыру бөлімі» ММ-мен бірлесе отырып ұйымдастырылатын ұлттық-спорттық шараның соңында барша қатысушылар мен жеңімпаздарға Орталықтың арнайы дайындалған сыйлықтары мен жүлделері табыс етілді. Жеңімпаздардан бөлек сайыс қатысушыларына да ынталандыру сыйлықтары мен Орталықтың алғыс хаттарына ие болды.