«Бала тәрбиесі-ұлт келешегінің кепілі»
Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында Жастар күні қарсаңында «Дәстүр мен ғұрып» жобасы аясында «Бала тәрбиесі-ұлт келешегінің кепілі» атты диалог алаңы өткізілді. Ұлт келешегі жайлы келелі мәселені талқылауға Теміртау қалалық ақсақалдар алқасыны мүшелері, ардагер ұстаздар, мектепке дейінгі мекеме мамандары мен кітапханашылар, бала тәрбиелеп отырған жас отбасылары және 5516 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты.
Іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу ұлттық тәрбиенің маңыздылығы мен бала тәрбиесіндегі келелі мәселелерді талқылау болып табылды.
Диалог алаңында ұлағатты ұрпақ тәрбиелеудің маңызы жайлы тағлымды әңгімелер айтылып, ұлттық тәрбие беруді насихаттайтын бейнебаяндар көрсетілді, ұрпақ тәрбиесіндегі кеткен кемшіліктер жайы талқыланды.
«Әдемі» бала бақшасының директоры м.а. Алишева Гүлбану бала бақшадағы бала тәрбиесінің маңызы мен міндеттері жайлы сөз қозғады. Ал Теміртау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Данагүл Өмірбаева «кітап -білім бұлағы» демекші баланың кітап оқуға деген қызығушылығын қалай көтеруге болады деген мәселе бойынша өз ойын ортаға салды.
Шараға қатысқан көпті көріп, көңілге түйгені мол ардагерлер де өз тәжірбиесімен ойларын бөлісті. Қазақ халқының бала тәрбиесінде ұлттық құндылықтарға, ұлттық тәрбиеге ерекше мән берудің маңызы туралы айтты. Тағлымды әңгіме Орталықтың ғылыми қызметкері Құрманшәді Оразымбетовтың орындауындағы тамаша әнге жалғасты. Кездесу соңында Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының басшысы Саида Саргизова алғысын білдіріп, белсенді қатысушыларға алғыс хаттарын табыс етті.