Елорда күні тойланды
Шілденің 5 күні Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының шаңырағында еліміздің бас қаласының туған күніне арналған «Гүлдене бер, Елордам!» атты мерекелік іс-шара өткізілді.
Іс-шараны Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы мен Теміртау қаласы орталықтандырылған кітапхалалар жүйесі бірлесіп ұйымдастырды. Оған Теміртау қаласының тілдерді дамыту орталығының «Бастау» этнолагерінің тәрбиеленушілері қатысты.
Тағлымды шараның басты мақсаты – балаларға еліміздің бас қаласының дамуы тарихы туралы мәліметтер беру, отансүйгіштікке тәрбиелеу, патриоттық сезімін қалыптастыру болып табылады.
Мерекелік шара барысында қатысушыларға еліміздің бас қаласының даму тарихы мен сәулетті нысандарымен таныстыру мақсатында бейнебаян мен слайд-шоу көрсетіліп, Елордамыздың тарихына арналған викториналық сұрақтар қойылды. Ұйымдастырушылар ел астанасының тарихы мен сәулеті жайлы білімдерін көрсеткен белсенді қатысушыларға тәттіден сыйлықтар табыс етіліп, Алғыс хаты табыс етілді.
Мұнан әрі шараға қатысушылар Нұр-Сұлтан қаласының мерейтойы жайлы әзірленген арнайы көрмені, Орталықтың экспозициялық залдарын аралап, тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президентінің өмірі мен әлем таныған астанасы жайлы көптеген материалдармен танысып, ерекше әсер алып қайтты.