Сарыарқада самғаған қыран қыз

7 наурыз 2019 жылдың 7 наурыз күні Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған Қазақстан Магниткасының алғашқы құрылысшылары туралы 1959 жылы Алматы көркемсуретті және хроникалдық фильмдер киностудиясы  түсірген «Қазақ даласының көркі» атты деректі фильмінің кейіпкері Әжібаева Рахиманың «Сарыарқада самғаған қыран қыз» атты жастармен кездесуі ұйымдастырылды.

      Іс-шараның мақсаты – ХХ ғасырдың  ортасында комсомолдық жолдамамен келіп, Қазақстан Магниткасы атанған Теміртау қаласы және осындағы   металлургиялық зауыттың құрылысында жанқиярлықпен еңбек еткен әйел-қыздардың үлгісінде жастарды еңбексүйгіштікке баулуға атсалысу.

     Кездесуге Теміртау қаласындағы Қарағанды Мемлекеттік индустриялық университетінің, жоғарғы политехникалық колледжінің оқытушылары мен студенттері, жалпы білім беру мектептеріндегі музейлердің жетешілері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

     Іс-шара барысында 1959 жылы Алматы көркемсуретті  және хроникалды фильмдер киностудиясының  Теміртау қаласы мен металлургиялық комбинаттың алғашқы құрылысшылары туралы «Қазақ даласының көркі» атты құжатты фильмінен үзінді көрсетілді. Содан кейін осы фильмнің кейіпкері 1956 жылы Талдықорған облысының қияндағы ауылынан Теміртауға келіп, бастапқыда  құрылысшы, одан кейін мұнаралы кранның машинісі болып істеген, еңбек ардагері Рахима Әжібаева өзінің қиын да өнегелі өмірі туралы әңгімелеп, жастарды қызықтырған сауалдарға жауап берді. Ол туралы халқымыздың белгілі ақыны Тайыр Жароковтың 1960 жылы жазылған «Краншы қыз» атты өлеңі оқылды. Елбасының алтын бесігі болған Теміртау қаласының жастары қарапайым қазақ ауылының өжет қызының қиындық пен ерлікке толы еңбек жолымен танысып, өнегелі өмір сабағын алды.

     Кездесу соңында еңбек ардагері, Қазақстан Магниткасының алғашқы құрылысшысы Рахима Әжібаеваға Түңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының Алғыс хаты мен бағалы сыйлығы тапсырылды.