«Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің 100 жылдығына орай «Алаш қозғалысы – тәуелсіздіктің бастауы» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция

2017 жылдың 5 қазанында Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының 100 жылдығына арналған «Алаш» қозғалысы – тәуелсіздіктің бастауы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.
Конференцияның мақсаты – Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының маңызын ашу, тоталитарлық жүйенің құрбандарына құрмет ретінде қозғалыстың негізін қалаушылардың дүниетанымы мен шығармашылық, саяси мұрасын, идеяларын насихаттау.


Іс-шараға Президенттің замандастары, Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өкілдері, қалалық әкімшіліктің өкілдері, қалалық мәслихаттың депутаттары мен «Алаш» қозғалысы мен саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, ғалым-тарихшылар, облыстық музей қызметкерлері, жоғарғы, арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.
Орталықтың Көркемсурет галереясында «Алжир» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандары мұражай-мемориалдық кешені, Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейі және Қарағанды техникалық университетінің Ә.Ермеков музейінің экспонаттары қойылған көрменің ашылуы болып өтті.


Өз сенімдері үшін бастарын сталиндік жандайшаптардың қылышының астына қойғанына қарамастан «Алаш» қайраткерлері бүгінгі ұрпақ үшін көп жұмыс жасады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде: «Алаштың» басты мақсаты – қазақ қоғамын біртіндеп өзгерту болды. Бұл біздің дамуды жылдамдату бағытымызға сәйкес келеді, яғни жаңғырту… «Алаштың» даңқты ұлдары бізге мемлекеттік идеяны өсиет еткен… «Алаштың» баға жетпес өсиеті біздің тарихи-мәдени бірегейлігімізді сақтауға міндеттейді, қарапайым тілде айтар болсақ, қазақ болып қалып, бірлігімізді күшейтуге үндейді».

Конференцияны Қарағанды облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Нелдібаев Ерлан Мекежанұлы басқарды. Іс-шара басында «Алаш» қозғалысы туралы деректі бейнебаян көрсетілді. Конференцияда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, алаштанушы ғалым К.Р.Кемеңгеров, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ тарих факультеті Қазақстан тарихы және ҚХА кафедрасының аға оқытушысы Смағұлов Нұртас Бірлікұлы, «Алжир» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандары мұражай-мемориалдық кешенінің ғылыми қызметкері А.Хасенова, саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі басшысының орынбасары И.И.Исламов баяндама жасады. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары – Ысқақбекова Фарида Хасенқызы және Рахымбекова Қарлығаш Сұлтанбекқызы өз естеліктерімен бөлісті.
Іс-шара соңында Теміртау қаласының «Магнитка» ардагерлер ансамблінің концерті көрсетілді.