Елдігіміздің нышаны


Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтанышымыз» атты іс-шара өткізілді.
Аталмыш шараның мақсаты – Тәуелсіздігіміздің басты нышаны болып табылатын Мемлекеттік рәміздеріміздің пайда болуы мен тарихтағы маңызы жайлы кеңінен түсінік беру, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру болып табылады.
Мерекелік іс-шараға қалалық ардагерлер Кеңесінің, ақсақалдар алқасының мүшелері, Теміртау полициясы басқармасының қызметкерлері, Теміртау мәдениет Сарайы жанындағы «Магнитка» вокалдық ардагерлер ансамблінің, «Алау» ансамблінің «Дидар» тобының мүшелері мен №5516 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді» деген болатын.
Еліміздің мемлекеттік рәміздері – жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелейтін басты құндылықтарымыз. Қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтаған Теміртау қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Бірлікбай Ордабаев, №5516 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, аға лейтенант Ильяс Джусуповтар осыны тілге тиек етті.
Шара барысында қатысушыларға Мемлекеттік рәміздеріміздің тарихы жайлы бейнебаян көрсетіліп, Теміртау қалалық мәдениет Сарайының ансамблдері мен 5516 әскери бөлім сарбаздары отансүйгіштікке шақыратын әндер орындады.
Іс-шараның соңында Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының басшысы С.Саргизова жиналғандарды мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, белсенді қатысушыларға Алғыс хаттарын табыс етеді.