Есік «Алтын адам» туралы мәлімет (сақ жауынгері)

Орталыққа  Өзбекстан Республикасының азаматы  Шарапат Рысқұлбекұлы Меңліқұловтың 2015 жылы гипс материалынан жасаған  «Алтын адам» мүсінінің көшірмесін сыйға тартты. Мүсіннің биіктігі 1600 мм, салмағы 30 кг.

Алматы облысының Есік қаласының маңындағы Есік қорғанында  1969-1970 жылдары археолог К.А. Ақышев сақтар тайпасының зиратынан екі қабір тапқан.  Темір дәуірінен сақталған сақ обасынан  қабірі шырша бөренелерден жасалған, көлемі 3,3х1,9 м, биіктігі 1,5 м, сол жақ бөлігіне қойылған сақ жауынгерінің басы батысқа қаратылып жатқызылған. Табылған зиратта  жасы 17-18 шамасындағы алтын киім киген сақ жауынгерінің мүрдесі.   «Алтын адам» деп аталды. Қабірдің оңтүстік және батыс шеттерінде металл, қыш, ағаштан істелінген ыдыстар, зергерлік бұйымдар қойылған. Қабір ағаш қақпақпен жабылып, темір құрсаулармен бекітілген, еденіне тақтай төселген, ал адам қойылатын жеріне алтын жапсырмалармен безендірілген төсеніш салынған.

Алтын адам киімі 4 мыңға жуық алтын әшекейлермен безендірілген. Әшекейлер барыс, бұлан, таутеке, арқар, ат, түрлі құс бейнелерін беретін “хайуанат нақышында” жасалған. Бас сүйектің сол жағынан жаһұт тастармен әшекейленген алтын сырға табылды. Бас киімі кейінгі қазақ киімі үлгілеріне ұқсас, биік, шошақ төбелі, ұзындығы 70 см шамасында. Мойнында дөңгелек жүзік сияқты алтын алқа, іш көйлегі, көкірегінің тұсы, жеңі алтын тоғалармен өрнектелген, саусағында екі алтын жүзік, камзолы құрастырылмалы ауыр белбеумен буылған. Белбеуге аңға ұқсас бейнелер, 16 тоға жапсырылған, оң жағында қызыл қынапты ұзын семсер, сол жағында алтын пластиналар жапсырылған қынға салынған темір қанжар – ақинақ, шалбар балағы да алтын тоғалармен әшекейленген. Қорған қазбалары Қазақстандағы 5 ғасыр заманымыздан бұрын мекен еткен ежелгі тайпалардың мәдениеті, өнері, діні жайлы құнды деректер берді.

Киім үлгісі, жерлеу рәсімі, «Алтын адамның» Жетісу жерін мекендеген сақтардың көрнекті елбасының ұлы немесе жас көсем, әскербасы екенін айқын көрсетеді. Көне дәуірдегі материалдық мәдениет, өнер, мифология, т.б. салалардан мол дерек беретін «Алтын адам» сол кездегі сақтарда мемлекеттік өркениет ертеден қалыптасқанын дәлелдейді.

«Алтын адам» – Қазақстанның азаттық символына айналды, оның мүсіні Алматының бас алаңына орнатылды, төбе бөркіндегі қанатты тұлпарлар бейнесі елтаңбамызға енді.