«Ұлы даланың – ұлттық ойындары» атты квест-ойыны өтті
Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында күн мен түн теңелетін сәт – Ұлыстың ұлы күніне орай 14-15 наурыз күндері колледж оқушыларының арасында «Ұлы даланың – ұлттық ойындары» атты танымдық-тәрбиелік квест-ойыны өтті. Аталмыш шара Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауында көрсетілгендей Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «Жастар жылына» орай өткен іс-шаралардың қатарына жатады.
Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ерекше мән берілген тарихи сананы жаңғырту – жас ұрпақ үшін ең алдымен өз болмысын, өз тегін танудан басталады. Салт-пен дәстүрді ұлықтау арқылы ғана ұрпақ өткенге терең бойламақ. Осы мақсатқа орай ұйымдастырылған квест-ойын бағдарламасына Теміртау қаласындағы 6 колледжден 150 ден астам студент қатысты. Халқымыздың көнеден келе жатқан ұлттық ойындарына қатысты арнайы дайындалған бейнебаян көрсетіліп, жастар тарихи- танымдық сұрақтарға жауап берді. Мақал-мәтелдер сайысына түсіп, ұлттық ойынның түрлерін ойнаған қатысушылар салт-дәстүрге қатысты өз білімдерін дәлелдей білді.
Іс-шараның соңында квест-ойынында белсенділік танытқан студенттерге Орталықтың «Алғыс хаттары» мен сыйлықтары табыс етілді.