«Мектеп музейлерін ұйымдастыру бойынша әдістемелік нұсқаулар» тақырыбында өткен ғылыми-практикалық семинар туралы

2018 жылдың 6 наурызында Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында «Мектеп музейлерін ұйымдастыру бойынша әдістемелік нұсқаулар» тақырыбында ғылыми-практикалық семинар болып өтті.

Іс-шара Халықаралық экскурсия жетекшілері күні аясында мектеп музейін құрумен шұғылданатын педагогтармен және экскурсия жетекшісі мамандығына қызығатын 7-10 сынып оқушыларымен өткізілді.

Семинардың мақсаты – қатысушыларды мектеп музейлерін ұйымдастыру мәселелерімен таныстыру, әдістемелік жәрдем көрсету, оқушылардың өзін-өзі шығармашылықпен танытуы, әлеуметтік бейімделуі және мамандық таңдауы үшін жағдай жасау.

Семинарға мектеп музейлерінің басшылары мен Теміртау қаласы мектеп музейлерінің жас экскурсия жүргізушілері қатысты. Іс-шара барысында қатысушыларға Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының экспозиция залдары туралы бейнебаян көрсетілді. Онан кейін Қарағанды облысы тарихи-өлкетану музейі бұқаралық-экскурсия бөлімінің басшысы З.Б.Тебаева «Мектеп музейлерін ұйымдастыру бойынша әдістемелік нұсқаулар», Орталықтың экскурсиялық-бұқаралық бөлімінің басшысы Б.К. Қаппарова «Экскурсия жетекшісінің шеберлігі», Орталықтың ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы Д.Б.Кетебаев «Ғылыми-зерттеу және жинақтау жұмыстары», Орталықтың ғылыми қызметкері және қор сақтаушысы «Қор сақтау жұмысы», экспозициялық-көрмелік жұмыстар бөлімінің басшысы Ғ.Р.Ақпанбекова «Орталықтың экспозициялық-көрмелік қызметімен танысу», Орталықтың әдіскері В.В.Кутлуева «Атрибуция және сараптама мәселелері» тақырыптарында баяндама жасады.

Экскурсиялық-бұқаралық бөлімінің басшысы Б.К.Қаппарованың баяндамасынан кейін оқушылар семинардың практикалық кезеңіне өтті. Практикалық жұмыстар Орталықтың экспозициялық залдарында өтті.

Бұл практикалық жұмыстың мақсаты семинарға қатысушылардың «экскурсовод жетекшісі» мамандығы жайында білімдерін тереңдету, комуникативтік дағдыларын дамыту.

Семинардың практикалық кезеңі кәсіби мамандардың шеберлік-сабағынан басталды. Олар семинарға қатысушыларға экскурсия кезінде өзін қалай ұстау керек екенін, тыңдаушыларға ақпаратты қалай жеткізіп, оны жәдігермен қалай байланыстыру керек екенін жан-жақты түсіндірді. Одан кейін жеребе тандау арқылы семинарға қатысушылар өздерінің тапсырмаларын алды. Балалар берілген тапсырмаларын Орталықтың қызметкерлерінен құралған тәлімгерлердің алдында қорғауы керек болды. Оқушылар бұл тапсырмаларға өте жауапкершілікпен қарады және Орталық қызметкерлері мен тәлімгерлері назарына ұсынатын экскурсия мәтінін құрауға ерекше мән беріп қана қоймай, күтпеген жерден қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап берді.

Ғылыми-практикалық семинардың қорытындысы бойынша сертификаттар табыс етілді.