Өнегелі өмір

Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында 2018 жылдың 15 ақпанында сағат 15.00-де пауэрлифтингтен абсолюттік әлем чемпионы, КСРО спорт шебері, халықаралық спорт шебері Айтжан Исақовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Өнегелі өмір» атты көрменің ашылуы болып өтті.

Ауыр атлетші Айтжан Исақов 40 жылға тарта Карметкомбинатта еңбек ете жүріп, заводтың «Болат» футбол командасы құрамында жарыстарға жиі шығып, сонымен қатар облыстық құрама командасымен бірге Қазақстан Республикасының түрлі чемпионаттары мен біріншіліктеріне қатысқан.

Көрмеге Айтжан ағаның сан қырлы талантының сырын ашатын 1960 жылдардан бүгінгі күнге дейінгі түрлі марапаттаулары, фотосуреттері қойылған.

Көрменің ашылу салтанатына Теміртау қаласының ардагерлер Кеңесінің мүшелері, балалар үйінің тәрбиеленушілері, жас спортшылар, сондай-ақ Айтжан Исақовтың туыстары мен достары қатысты. Іс-шара барысында спортшының замандастары оның спорттық және өмірлік жетістіктері жайлы әңгімеледі.

Айтжан аға спортшы ғана емес, халқымыз айтқанындай «Сегіз қырлы бір сырлы» жан, халық әндерін домбырада нақышына келтіре орындайды, қазақ шежіресін жақсы меңгерген Айтжан Исақов өзінің барлық марапаттаулары мен көрме сөресіне қойылған сүйікті қара домбырасын «Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығына» сыйға тартты.

Іс-шараның екінші бөлімінде Орталықтың конференц залында Айтжан Исақовпен қаладағы балалар үйлерінің, спорт мектептерінің, тәрбиеленушілерінің кездесуі ұйымдастырылды. Кездесу барысында А.Исақовтың үзеңгілес достары оның өмірі мен қызметінің маңызы туралы әңгімеледі. А.Исақов жастарды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.

«Өнегелі өмір» атты көрме «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаланың идеясын насихаттауға бағытталған маңызды қадам болып отыр.