«Ұрпақтар сабақтастығы» атты кездесу өтті


24 қазан күні Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы мен Қалалық ардагерлер Кеңесінің бірлесе ұйымдастыруымен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жұмыс істеушілердің «Нұр Отан» партиясы филиалында «Ұрпақтар сабақтастығы» атты кездесу өтті.
Жастар мен аға буын өкілдері арасындағы байланысты арттыра түсу мақсатында өткен шараға Қалалық ардагерлер Кеңесінің мүшелері, Қалалық ақсақалдар алқасының мүшелері және Теміртау жоғарғы политехникалық колледждің студенттері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Аталмыш шара Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының ғылыми қызметкері Мәмбетов Қуатбек Айымбетұлының алғы сөзімен басталды. Қос буын өкілдерінің кездесуінің мақсатына тоқтала келе Қуатбек Айымбетұлы: «Қаламызда ғана емес тұтас қазақ еліндегі қоғамдық жағдайдың тұрақтылығы жас ұрпаққа тікелей байланысты. Сондықтан аға буын өкілдерінің тәлім-тәрбиесі өскелең жастар үшін аса қажет. Үлкендердің салған тура жолымен жүрсе біздің жастарымыз қателеспейді. Сондықтан бағыт-бағдар беру, дұрыс жол сілтеу біздің міндетіміз» деп атап өтті.
Одан кейін Қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Бірлікбай Ордабаев, Қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Зейнолла Мұхамедияровтар сөз алып, жастар тәрбиесі жөніндегі құнды пікірлерін ортаға салды. Өз кезегінде ТПТК-нен келген студенттер арасынан Баймұрзаев Нұржас, Астахов Данилдер жастардың атынан ардагерлер қауымына жүрекжарды тілектерін жеткізіп, алғыстарын айтып жатты. Ал, қандай жиын болмасын әсем әуенімен кештің көркін кіргізіп жүретін кешегі серілердің сынығы Айтжан Искаков ақсақал қара домбырасымен тамылжыта ән салды.
Жиынның соңында іс-шара үшін арнайы дайындалған «Ұрпақтар сабақтастығы» көрмесі жұртшылыққа ұсынылып, ардагерлер қауымы жас кездерінде қолданған көне бұйымдарға үңілді. Ал, жастар ата-бабаларының тұрмыста қолданған жәдігерлеріне зор таңданыспен назар аударды.