«Макроэкономикалық тұрақтылық – экономиканы қаржыландырудың негізі» тақырыбындағы семинар

Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын насихаттау бойынша «Макроэкономикалық тұрақтылық – экономиканы қаржыландырудың негізі» тақырыбындағы семинар

2017 жыл 29 қыркүйек Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын насихаттау бойынша дәстүрлі Назарбаев оқулары аясында «Макроэкономикалық тұрақтылық – экономиканы қаржыландырудың негізі» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты Жолдаудың «Макроэкономикалық тұрақтылық» атты үшінші басымдығын облыс тұрғындары арасында насихаттау, осы бағыт бойынша Президент тапсырмаларының орындалуына атсалысу.

Семинарға Қарағанды облысы мемлекеттік кірістер департаменті, экономика және қаржы басқармасының өкілдері, Теміртау қаласының сәйкес бөлімдері мен қоғамдық бірлестіктердің басшылары, Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігі Оқу орталығының тыңдаушылары, арнайы орта оқу орындарының тәрбие істері бойынша директор орынбасарлары, тарих пәні оқытушылары мен студенттері қатысты.

Семинар барысында қатысушыларға Президент Жолдауы туралы бейнебаян көрсетілді. Содан кейін Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары бойынша бөлім басшысы Саттыбаева Меруерт Рахымбекқызы «Салық жүйесін жетілдіру және оңтайландыру бойынша департаменттің қызметі» тақырыбында, Қарағанды облысы экономика және қаржы басқармасының стратегиялық жоспарлау бөлімінің бас маманы Рақышева Ақмарал Өсербайқызы «Ақша-несие саласын дамыту және облыс экономикасын қаржыландыруға жекеменшік капиталды тарту бойынша басқарманың жұмысы» тақырыбында баяндамалар жасады. Баяндамашылар іс-шара қатысушыларын қызықтырған сұрақтарға жауап берді. Іс-шара соңында Президент Жолдауын насихаттауға елеулі үлес қосып, семинарға белсене қатысқандарға Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының Алғыс хаттары тапсырылды.